Белгілі журналист Нұрмұхамед Байғараев әлеуметтік желісінде қазақ тілінің қазіргі қолдану аясы уақыт өткен сайын тарылып, қазақ тілі жойылып бара жатқанын айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz.
"Қоғамдағы процестерді сараптаудың бір әдісі - сырттай бақылау. Егер асықпай, байыппен тіл жағдайын қарасақ, қазақ тілінің қолдану аясы жыл өткен сайын тарылып барады. Тәуелсіздік қазақ тілінің жойылу процесін тоқтатты, бірақ 2010жж бастап процесс кері кетті.
Егер қазіргі жағдай өзгермесе, алдағы 5-7 жылда қазақ тілі ЮНЕСКО-ның "осал" тілдер санатына кіруі бек мүмкін, меніңше. Ал "мемлекеттік тіл" мәртебесі бұған еш кедергі бола алмауы да ғажап емес. Мүмкін емес сияқты көрінеді. Бірақ...
Бірақ жағдай сондай. Өзге елдерде де сондай. Мысалы, белорус, шотланд, уэльс, идиш, башқұрт тілдері де осы санатта. Ирланд тілі де ауыл-аймақтарда ғана қолдана бастаған. Доминант тілдер ығысытырып тастап жатыр."
Ана тіліміз құрдымға кетіп бара жатқанда қазақтілді мектептердің өзінде балалардың көбі орысша сөйлейді дейді журналист.
"Астана мен Алматы негізінен орыстілді қалалар деп сеніммен айтуға болады. Елордамызда қазақтілді мектепке қызымды алып кетуге барамын. Кіріп-шыққан оқушының қазақша сөйлегені бірен-саран, қалғаны тек орысша.
Қазақтілді балабақшаға қазақтілді балаңды жіберсең, 2 айда орыстілді бала дайын тұрады.
Ұшақта қазақша дұрыс сөйлеген пилот-командирді жолықтырмай кететін шығармыз. Стюардесса орысша амандасады, шекарашы да "откуда прибыли" деп қарсы алады. Қалаға дейін апарамын деген таксист жоқ, до города деп алдыңнан шығады. Елдің айнасы - ұшақ пен әуежай осындай.
Ал емхана не басқа жерде қазақтар кто крайний деп кезек сұрайды. Бүгін фб-да пост оқыдым, енді қазақтар тойларға екітілді асаба сұратып жатыр екен. Бұрынғы қазақтілділер жарамайды. Келген қазақтар түсінбей қалуы мүмкін.
Жоқ, оңтүстікте, батыста бәрі қазақша дерсіз. Дұрыс. Бірақ мемлекеттің ауанын қалыптастыратын саяси және қаржылық орталық. Осы жерде басталған тренд елге тез тарайды. Бұл басқа елдерде де солай. Ирланд тілі шеткері ысырылғандай. Кардифте тіл оқыдық, уэльсше сөйлегенді көрмедік, тек жазу. Эдинбургта да шотланд тілін керек қылмайды. Бәрі ағылшынша.
Жақында Ритц Карлтонның 10 жылдығында елдің ірі кәсіпкерлері түскен фото кең тарады. Солар өзара қай тілде сөйлесті деп ойлайсыз? Жауабын сезесіз. Ірі капитал қашанда тренд туғызады."
Нұрмұхамед Байғараевтың айтуынша, блогер, вайнерлерде қазақшадан орысшаға көшіп жатқан көрінеді.
"Қазір көптеген блогер, вайнерлерлер алдымен қазақша сөйлеп, соңынан орысшаға көшеді. Аудиториям артсын деп қазақ тіліне қиянат жасап кетеді жарты жолда. Күнде тикток пен инстаграмда орысша контентке қарқ болған оқырман қайдар барсын... "Меломанда" қазақ кітаптары арта бастады, бірақ 80 пайызы орысша шығар...
Ел бойынша қазақ мектептерінің саны 54 пайыз ғана, қалғаны орыстілді не аралас. Аралас дегені түсінікті. Олар 30 жылда қанша орыстілді ұрпақты даярлады. Енді олар ұл-қызын қай тілде оқытар? Астанада ашылған қазақ мектептерінде шу шығарып, қазақ әйелдер орыс сыныптарын қостырды емес пе?
Осының бәрінен алдағы 5-7 жылда..... деген пост басындағы болжам шығады.
Бұл кейіп кету, налу емес. Қазіргі статус-кво. Емі не? Білмедім, себебі біраз іс атқарылса да нәтиже шамалы. Бірақ тіліміздің қолдану аясы тарылып барады...",- дейді журналист өз жазбасында.