Пайдаланушылар ойынның графикасы әлсіз, геймплейі тым қарапайым екенін айтады. Ал конкурс шартында жоба қадамдап дамытатын RPG форматында болуы тиіс еді: ойыншы кейіпкерін дамытып, сипаттамаларын жетілдіріп, қазақ тілін үйрететін тапсырмаларды өз қарқынымен орындауы керек болатын.
Алайда нәтиже көпшілікке Subway Surfer стиліндегі үздіксіз жүгіріп, тиын жинайтын ойынға көбірек ұқсап шықты.
Instagram желісіндегі пікірлерде ойын индустриясындағы мамандардың бағасы келтіріледі:
«Мұндай ойын үшін бөлінген бюджет тым шектен шыққан. Саладағы бірнеше адаммен сөйлестім, барлығы бір ауыздан максималды жағдайда да бұл жоба 50 мың доллардан (шамамен 25 млн теңге) аспауы керек еді», – дейді олар.
Бұл сынға ОКҚ брифингінде Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешов жауап берді. Оның айтуынша, 242 млн теңге көлеміндегі шығын толықтай негізделген.
«Мұндай ойындарды әзірлеу кемінде екі жыл уақыт алады. Жобада 30-дан астам адам жұмыс істеді: олардың еңбекақысы, жобаны сүйемелдеу бар. Осындай қысқа мерзімде осындай өнім шығарылды», – деді ол.
Қазақ тілін үйрететін ойын әзірлеу конкурсын «United Kingdom» ЖШС жеңіп алған. Компания бұған дейін көрме ұйымдастырумен айналысқан. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен компания арасындағы келісімшарт 2025 жылдың 2 сәуірінде жасалып, жұмыс 31 желтоқсанға дейін аяқталған.
Ведомство бұл – отандық нарықтағы алғашқы осындай форматтағы ойын екенін атап өтті. 2026 жылы жоба белсенді түрде жетілдіріліп, жаңартылмақ.
Тлешовтің сөзінше, ойын қазірдің өзінде 30 мыңнан астам рет жүктелген.
«Пікірлердің басым бөлігі қазір оң. Тіпті Ресей мен Еуропа елдерінен де кері байланыс алып жатырмыз. Олар да қазақ тілін үйреніп жатыр», – деді ол.
2026 жылы әзірлеушілер кепілдік қолдау көрсетіп, ойынға карта, жаңа механика, бәсекелестік режим және кейіпкерді баптау мүмкіндіктерін қосуды жоспарлап отыр.