Шенеунік көп: танымал депутат Астана әкімін мақтап тастады

Мақсат Толықбай кімді мақтады?

Фото: әлеуметтік желіден

Бұл туралы newsroom.kz порталы хабарлайды.

Танымал депутат Мақсат Толықбай әлеуметтік желісінде Жеңіс Қасымбекті мақтап, пост жазды.

"Мегаполис болғаннан кейін, елорда тұрғындарынан келетін өтініш пен арыз-шағым  көп. «Осыған жауап беруіңізді сұраймын»деп, қала басшылығына тікелей жолдап отыратынмын. 

Қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзі телефон соғып, қалалық әкімдікке арнайы шақырды. Менің тарапымнан жолданған өтініштер мен шағымдарды арнайы қаттап, күтіп отыр екен. «Бірге талқылайық, шешейік»-деді. 
Әр хаттың астарына үңіліп, себебі мен салдарын түсіндіріп, мәселелерді шетінен пысықтап берді. Кейбір мәселелерге байланысты тиісті сала басшыларына көзімше тапсырма берді. Дәл солай , кейбір мәселеге жауапты мамандар да сол сәтте жауап берді. Әкімнің кабинетінде өткен азғана уақытта бірқатар мәселе көз алдымда шешіліп жатты. Жарық, жылу, су, қысқа дайындық мәселесін де талқыладық. Қала әкімдігі тарапынан алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жұмыстардың жоспарын бөлісті.

Айтпақшы, бір апта бұрын «MOY DOM MWC» ЖШС құрылысын жүргізген «Жерұйық», «Өзен», «Сайрам», «Құлан» тұрғын үй кешеніндегі сапасыз құрылысқа қатысты мыңдаған тұрғынның талабын тыңдап қайтқанмын. Солардың да арызын әкімнің қолына ұстаттым. Одан бөлек, Астанадағы «№1 автобус паркі ұрлық пен былыққа батқан» деп шағымданған ондаған автобус жүргізушісінің шағымын жеткіздім. Жеңіс Махмұдұлының ашықтығына риза болдым. Көтерген мәселелерімді ашық талқылауын жауапкершілігі деп бағаладым. Бұған дейін де әкім болған, министр болған тәжірибелі іскер басшы ғой, Астананың жағдайын да жақсартамын деп білек сыбанып отыр. «Ол үшін уақыт керек...» дейді. 

Әрине, бәріне уақыт пен халық төреші. Сол уақыты келгенде халықтың сынынан өте алса, ерлегені. Әйтпесе, қай шенеунік болашақта бүйткелі жатырмын деп жоспарын жарияламайды дейсіз. «Пұл таппайтын еркек жоқ, құрарын айт» дегендей, сөзбен сурет салғысы келетін шенеунік көп, нақты іспен көрсететіндері санаулы."- деді депутат.

Жүктелуде...