Қолданыстағы заңнамаға сәйкес спорттық киім-кешек қазақстандық өндірушілерден сатып алынды. Дизайн, матаның сапасы мәселелері спорт федерацияларының өкілдерімен талқыланды – дейді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті newsroom.kz порталының форма дауына қатысты жіберген сұраухатына.
Естеріңізде болса, Ханчжоуда өткен Азиада ойындарында спорттық киімге қатысты дау шығып, оны бірқатар басылымдар жазған болатын.
Спорт комитетінің жауабына сүйенсек, шешім алқалы түрде қабылданған. Спортшылардан Ойындар басталғанға дейін шағымдар түспеген.
Редакцияға келіп түскен жауапқа қарасақ, келісім-шарттар «Атамекен» ҰКП-ның тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің (Индустриялық сертификат) отандық өндірушілер тізіміне кіретін спорттық жабдықтарды өндірушілер «ҚазСПО-N» ЖШС (Zibroo), «79 квартал» және отандық аяқ киім өндіруші ЖК «ТОРИ Компани» ЖШС жасалынған.
Қазіргі уақытта спорттық киім-кешектің 2 жиынтығы Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне сапа ақауларын тексеру және бағалау үшін берілген.