Футболдан Қазақстан құрамасы Еуро-2024 чемпионатының іріктеу турнирінде 2:1 есебімен Финляндия құрамасын жеңіп, сенсация жасаған еді.
Ойыннан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев футболшыларды жігерлендіріп, жеңісімен құттықтады,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.
"Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бар күшімізді салып жұмыс жасасақ, кез келген команданы жеңетінімізге көзіміз жетті. Қанша жерден мықты футболшы болсаң да, егер батылдығың, мінезің, үлкен жүрегің болмаса онда жеңіске жете алмайсың. Біз бүгін үшінші рет мықтылығымызды дәлелдедік. Бұл жай ғана сәттілік емес, бұл дайындықтың жемісі. Тағы 2 ойын қалды. Оларды да жеңе алатынымызға сенімдімін. Тек, бірлесіп, күш салып дайындалсақ, біз алмайтын қамал жоқ. Бәріңізге бүгінгі жеңіс үшін рақмет,- деді бас бапкер.