Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
25 қыркүйек, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Мемлекеттік басқару саласының маманы Президентке хат жазды

Осы аптада newsroom.kz порталының редакциясына оқырман хаты келіп түсті.

Мемлекеттік басқару саласының маманы Президентке хат жазды
Ғаламтор желісінен

Хат болғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атына арналған хат екен. Авторы – мемлекеттік басқару саласының маманы Руслан Ергешбай есімді азамат. Осыған дейін де, newsroom.kz порталына Өзбекстандағы АЭС туралы мақала жазған оқырманымыздың кезекті жазбасын қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік. Егер де Сізді толғандырған, қаламыңызды алып, мақала жаздыруға себеп болған ойларыңыз болса, жазбаларыңызды күтеміз, құрметті оқырман!

 

 

Ұлттқа қызмет ету білімнен емес-мінезден, Мінезді болыңдар! Жер-отан!

Қазақ жері, оның асты үсті байлығы қазақ ұлтына қызмет ету керек,

Оның әр бір түйір тасы барлық қазақтың өңіріне түйме болып қадалу қажет

Әлихан Бөкейхан...

 

 

ҚР президенті

Қасым-Жомарт Кемелұлы мырзаға!

 

Қазақстан планетаның ең ірі мемлекеттерінің ішінде жер аумағы бойынша тоғызыншы орын алады. Еліміз территориясының көлемімен ғана емес, сонымен бірге табиғи ресурстарымен де танымал деп мақтанамыз.

Мәселен, Қазақстандағы темір кен орындары солтүстікте шоғырланған. Қашар және Соколов-Сарыбай кен орындары ең бай және дамыған болып саналады.

Республика хромының табиғи қорлары Мұғалжар тауында, Кемпірсай және Дон кен орындарында табылды.

Қазақстанның марганец ресурстары орталық аймақтарда өндіріледі. Ең үлкені – Атасу және Жезді кен орындары.

Никельдің негізгі бөлігі республиканың батысындағы Мұғалжар тауларында өндіріледі.

Полиметалл құрамында мырыш, қорғасын, алтын, күміс сияқты құнды қосылыстар бар. Бұл минералды ресурстар Кенді Алтай мен Текеліде өндіріліп жатыр.

Алтын 200-ге жуық кен орнынан табылды. Олар негізінен Қазақстанның шығысы мен солтүстік-батысында орналасқан. Орталық Қазақстанда және елдің солтүстік-шығысында шағын кен орындары бар.

Қазақстандағы мыс кен орындары бүкіл әлемге әйгілі. Мыс кенінің 92%-ы шетелге экспортталады. Бай кен орындары республиканың орталық бөлігінде Жезқазғанға жақын жерде шоғырланған.

Сирек металдарға келетін болсақ, олар Қазақстан Республикасының картасында вольфрам, сурьма, ванадий, молибден, висмут және басқа металдар деп көрсетілген.

Қарап тұрсақ, Қазақстан – бай мемлекет. Біз қазына, қазба байлығы жағынан дүние жүзіндегі ең бай деген он елдің қатарына кіреміз.

1. Қазақстан әлемде қазба байлықтар қорынан 186 елдің ішінде мынадай орын алады:

- вольфрам, қорғасын, барий қорынан 1-ші орын,

- хромит, күміс және мырыштан 2-ші орын,

- марганец қорынан 3-ші орын,

- мыс мөлшерінен 4-ші орын,

- уран рудаларынан 5-ші орын,

- алтыннан 6-шы орын,

- темір рудаларынан 7-ші орын,

- қалайы мен никельден 8-ші орын,

- көмір, газ қорынан 9-шы орын,

- мұнай қорынан 13-ші орын алып отыр.

2. Каспий жағасындағы құрлықта 2,2 миллиард тонна, ал су астында (шельф) 4,5 миллиард тонна мұнай қоры жатыр.

3. Арал аймағындағы мұнай қоры – 350 миллион тонна.

4. Көмір қоры 200 миллиард тоннадан асады.

5. Қазақстандағы уран қоры – 900 мың тонна, әлемдік қоры – 3,5 миллион тонна, демек, әлемдегі уранның төрттен бірі – бізде.

Бұл – ғаламат байлық. 

Бірақ, осыншама байлығымыз бола тұра, Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, «Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз»,

Мұнайдың әрбір тамшысы, қазбалы кеннің әрбір грамы, жердің әр­бір сантиметрі халықтың игілігіне жұмыс істеуі керек.

Ата заңымыздың 6-бабының 3 тармағында «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деп тайға танба басқандай жазылып тұр.

Біздің Халық Қазақстанның жер қойнауынан қандай байлық өндіріліп жатқанын, қанша көлемде өндіріліп жатқанын білгісі келеді.

Кен орындарының бенефициары кімдер, мұндағы бизнестің иесі кім?

Қазақстанның жер қойнауын игеруші шетелдік алпауыт компаниялардың ашықтығы туралы мәселе бұдан бұрын да талай көтеріліп келеді.

Осыған дейін Парламентте Үкіметке депутаттық сауалдарда жолданып жатыр. Бірақ, нақты, толыққанды жауапты неге екенін білмейміз, бүгін де нақты жауап әлі жоқ.

Жоғарыдағыларды мәселелерді ескере келе, Сізден еліміздегі шетелдік компаниялардың иелегіндегі мұнай, газ, пайдалы қазба кен орындары туралы (оның ішінде «Қазхром» АҚ, «Kaz Minerals» АҚ, «Казақмыс» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ,  «ССГПО» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Теңіз­шевройл» ЖШС, «CNPS-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» және басқа ірі компаниялар туралы міндетті түрде) толық ақпарат беруіңізді сұраймын.

Атап айтқанда, ол компаниялардың иелері кім, Қазақстанның үлесі қанша, акционер мүшелері кімдер, таза пайдалары қанша, Қазақстан бюджетіне қанша салық төлейді?

Жалпы жер асты – жер үсті пайда қазбаларымызды халыққа теңдей дивиденд қағидасымен бөлуге жедел көшетін уақыт келді. Басқа формула жоқ. Негізі алысқа бармай Норвегия елінің тәжірибесін аслақ та, болады.

Халқымыздың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-тіршілігін түзеу бүгінгі күннің күттірмес ең маңызды мәселесі. Әр отбасының шаңырағында тоқшылық, баршылық орнаса ертеңгі күнге сенім артады. Ұрпақ жалғастығы бар, өркениетті елдердің қатарына енетін қуатты, мықты  Мәңгілік ел болу өз қолымызда  деп білемін.

Тәңірім халқымды ауыз бірліктен айырмасын. 

 

 

Құрметпен,

Руслан ДҮЙСЕНОВ,

Мемлекеттік басқару саласының сарапшысы

P.S. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды.