Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы тамызда айлық инфляция 0,6% болды. Бұл шілдедегі көрсеткішпен бірдей. Ал жылдық инфляция бір айдың ішінде 10,2%-дан 9,8%-ға төмендеді. Осылайша, Қазақстанда инфляция былтырғы көктемнен бері алғаш рет 10%-дық межеден төмен түсті.

Инфляцияны не тежеді?
Тамыздағы негізгі өзгерістердің бірі – азық-түлік бағасының өсу қарқынының бәсеңдеуі. Бір жыл ішінде азық-түлік тауарлары 9,5%-ға қымбаттаған. Шілдеде бұл көрсеткіш 10,1% болған.
Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,4%-ға, ақылы қызметтер 8,9%-ға өскен. Яғни қазір инфляцияның ең жоғары қарқыны азық-түлікте емес, азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментінде байқалады. 
Айлық динамикаға қарасақ, азық-түлік бағасы тіпті 0,1%-ға төмендеген. Бұған маусымдық жеміс-көкөніс өнімдерінің арзандауы әсер еткен. Мәселен, тамызда картоп 12,3%-ға, тәтті бұрыш 11,9%-ға, қырыққабат 9,7%-ға, жүзім 8%-ға, пияз 7,7%-ға арзандаған. 
Бұл жерде маусымдық факторды да ескерген жөн. Жаздың соңы мен күздің басында отандық көкөніс пен жеміс көлемінің артуы нарықтағы ұсынысты көбейтіп, кейбір өнімдердің бағасын төмендетеді. Сондықтан инфляцияның тамыздағы баяулауын тек мемлекеттік шаралардың нәтижесі ретінде қарастыру жеткіліксіз.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қаншаға қымбаттады?
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша жағдай бұдан да жақсырақ көрінеді. 26 тамыздағы дерек бойынша олардың бағасы бір жыл ішінде 2,1%-ға ғана өскен. Бұл өткен жылғы 9,5%-дық көрсеткіштен 7,4 пайыздық тармаққа төмен.
Мұндай динамика Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шараларымен де байланысты. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31 түрге дейін кеңейтіліп, оларға белгіленген 15%-дық сауда үстемесінің сақталуына бақылау күшейтілді. Сонымен қатар делдалдарды қысқарту және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету шаралары қолға алынған.
Алайда мұнда да маңызды айырмашылық бар: бағаның өсуі 2,1% болуы – бұл тауарлар арзандады деген сөз емес. Өткен жылмен салыстырғанда олардың орташа бағасы әлі де жоғары, тек қымбаттау жылдамдығы айтарлықтай бәсеңдеген.
Халық күнделікті өмірде инфляцияны сезіне ме?
Инфляцияның ресми көрсеткіші төмендегенімен, тұтынушы үшін маңызды мәселе – нақты шығындардың өзгеруі.
Мысалы, инфляцияны есептеу кезінде азық-түлік, киім, көлік, коммуналдық қызметтер, денсаулық сақтау және басқа да көптеген тауарлар мен қызметтер қамтылады. 2026 жылдан бастап тұтыну бағалары индексінің құрылымында азық-түліктің үлесі 41,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың үлесі 28,4%, ақылы қызметтердің үлесі 30,5% болып белгіленген.

Сондықтан ресми инфляция 9,8%-ға түскенімен, әр отбасының жеке «инфляциясы» әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, азық-түлікке көп ақша жұмсайтын отбасы үшін баға өзгерісі басқа, ал көлікке, жалға берілетін тұрғын үйге немесе ақылы қызметтерге шығыны жоғары адам үшін басқа сезіледі.
Аймақтарда жағдай бірдей емес
Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш 9,8% болғанымен, өңірлер арасында айырмашылық бар.
Тамызда ең жоғары жылдық инфляция Солтүстік Қазақстан облысында – 12%, Жетісу облысында – 11,7%, Ақмола облысында – 11,6% тіркелді. Түркістан облысында көрсеткіш 11,3% болды.
Ал ең төмен көрсеткіш Қарағанды облысында – 8,1%, Алматы қаласында – 8,7%, Павлодар облысында – 9% болды. Астанада жылдық инфляция 9,8%-ды құрады.

Бұл да елдегі баға динамикасының біркелкі емес екенін көрсетеді. Яғни жалпы республикалық көрсеткіш төмендегенімен, жекелеген өңірлерде инфляциялық қысым әлі де жоғары.
Алда бағаға қысым жасайтын факторлар бар
Инфляцияның төмендеуі жағымды белгі болғанымен, баға тұрақтылығы әлі толық қамтамасыз етілді деуге ерте.
Алдағы кезеңде жанар-жағармай нарығын кезең-кезеңімен либерализациялау, сондай-ақ реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге мораторийдің аяқталуы бағаға қысым жасауы мүмкін.
Сондықтан инфляцияның 10%-дан төмендеуі – маңызды меже болғанымен, оны ұзақ мерзімді трендке айналдыру негізгі міндет болып қала береді.
Тамыздағы көрсеткіш Қазақстандағы инфляциялық қысымның біртіндеп әлсіреп келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе азық-түлік бағасының өсу қарқынының төмендеуі және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша 2,1%-дық өсім назар аударарлық. Бірақ халық үшін басты өлшем – статистикадағы пайыз емес, ай сайынғы дүкен чегінің қаншаға өзгеретіні. Сондықтан инфляцияның 9,8%-ға дейін төмендеуі жақсы жаңалық болғанымен, оны «баға арзандады» деп қабылдауға болмайды