Сайлау учаскелерінде пандустар, арнайы тұтқалар мен тактильді көрсеткіштер орнатылған. Сондай-ақ мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтарға арналған дауыс беру кабиналары қарастырылған. Көру қабілеті төмен сайлаушылар үшін үлкейткіш әйнектер, қосымша жарықтандыру және Брайль қарпімен жазылған ақпарат дайындалған.
Әрбір учаскенің қолжетімділік деңгейімен алдын ала танысуға болады. Ол үшін inva.gov.kz порталындағы «Қолжетімділік картасы» интерактивті сервисін пайдалануға мүмкіндік бар.
Дауыс беру күні еліміз бойынша 1,3 мыңнан астам көлік қызмет көрсететін «Инватакси» жүйесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде арнайы жабдықталған автомобильдер де бар. Көлік саны бойынша Алматы қаласы (170), Атырау (145) және Ақмола (141) облыстары көш бастап тұр. Астанада 135, Қарағанды облысында 126, Түркістан облысында 114 көлік бөлінген. Елордада сапарлардың бір бөлігі пилоттық жоба аясында Yandex Go агрегаторы арқылы ұйымдастырылған. Алматы мен Қызылорда облысында қосымша кезекші көліктер де әзірленген.
Есту қабілеті бұзылған азаматтарға сурдоаудармашылар мен ымдау тілі мамандары көмектеседі. Мәселен, Қарағанды облысында – 72, Шымкентте – 65, Астанада 57 маман қызмет көрсетуде. Елорда тұрғындары үшін сурдоаударма бойынша тәулік бойы тегін онлайн-диспетчерлік қызмет іске қосылған. Батыс Қазақстан облысында да сайлаушыларға бейнебайланыс арқылы кеңес беріледі.
Өңірлерде қосымша қолдау шаралары да қарастырылған. Мысалы, Қостанай қаласындағы №1 мектеп-лицейде орналасқан №21 сайлау учаскесінде көру және есту қабілеті бұзылған азаматтарға арналған арнайы құрылғылар, соның ішінде портативті бейнеүлкейткіш қолданылады. Ал Астанада сайлау учаскелерінде 800 волонтер сайлаушыларға көмек көрсетіп жатыр.
Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар үйден дауыс бере алады. Ол үшін дауыс беру күні сағат 12:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш тапсыру қажет. Өтініш негізінде комиссияның екі мүшесі тасымалды сайлау жәшігімен азаматтың тұрғылықты жеріне барады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау процесіне кедергісіз қатысуына жағдай жасау жұмыстары Орталық сайлау комиссиясы мен тиісті министрліктің 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатыр.