weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстандағы ең бай әйелдердің бірі Хорватияның Алматыдағы құрметті консулы атанды

Алматы қаласында Хорватияның консулдығы ашылды. Дипломатиялық өкілдікті қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Гаухар Каппарова басқарады. Жаңа қызмет екі ел арасындағы іскерлік және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Қазақстандағы ең бай әйелдердің бірі Хорватияның Алматыдағы құрметті консулы атанды
Фото: ulysmedia

Гаухар Каппарова – Қазақстанның бұрынғы қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі, Lancaster Group холдингінің негізін қалаушылардың бірі Нұрлан Каппаровтың жесірі. Forbes журналы 2014 жылы кәсіпкердің байлығын 110 миллион долларға бағалаған. 2015 жылы ол қайтыс болғаннан кейін холдингтегі үлесі жұбайы мен ұлы Нұрсұлтанға өткен.

Бүгінде отбасының бизнес мүдделері мұнай өндіру, мұнай сервистік қызметтері және тау-кен өнеркәсібі салаларын қамтиды. Ал Гаухар Каппарова премиум санаттағы киім брендтерін сатумен айналысатын G&G Glamour компаниясын басқарады. Сонымен қатар марқұм жұбайының атындағы қордың құрылтайшыларының бірі саналады.

2025 жылы отбасының жиынтық капиталы 94 миллион долларға бағаланған. Ал биыл Forbes журналының Қазақстандағы ең бай әйелдер рейтингінде Гаухар Каппарова 65 миллион доллар байлығымен тоғызыншы орынға тұрақтады. Қазан айында ол елдегі ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарына еніп, 47-орынға орналасты.

23 қарашада Алматыда Хорватия консулдығының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және кәсіпкерлер қатысты.

Қазақстанның жаңа құрметті консулы Гаухар Каппарова Хорватия елшісі Рефик Шабановичке көрсетілген сенім үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Хорватия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және екі елдің іскерлік байланыстарын кеңейтуге атсалысуға дайын екенін жеткізді.

Консулдықтың ашылуы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, кәсіпкерлер арасындағы әріптестікті жолға қоюға және мәдени алмасуды жандандыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

 

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер