2021 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қатысуымен «Сыздық Ата» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Жобаның жалпы құны 311 млн теңгені құраған.
Жоба Жаңақорған ауданында ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға және тұрғындарды қолжетімді бағамен сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы мақсатта корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге инвестиция салған. Қаражатқа 1600 бас қой, 130 бас ірі қара және ет өнімдерін қаптауға арналған жабдық сатып алу жоспарланған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, мал сатып алынғаннан кейін серіктестік басшысы қаражаттың бір бөлігін заңсыз шығару схемасын ұйымдастырған. Нәтижесінде 60 млн теңге оның бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» жеке кәсіпкерлерінің есепшоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Күдікті қамауға алынды. Сонымен қатар сот санкциясымен оның атына тиесілі екі автокөлікке тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.