Экоакция барысында Нұра ауданының тұрғындары аумақты көгалдандыруға атсалысып, ағаштар отырғызды. Тұрғындар мұндай экологиялық бастамаларға белсенді қатысып, өздері тұратын ауданның тазалығы мен көркеюіне үлес қосып келеді.
Экоакцияның негізгі мақсаты – тек ағаш отырғызу емес, ортақ кеңістікке деген жауапкершілікті арттыру. Яғни қоршаған ортаға қамқорлық тек өз аулаңмен шектелмей, тұтас ауданның тазалығы мен абаттандырылуына бағытталуы керек.

Нұра ауданы әкімінің орынбасары Алия Әбсеметова тұрғындардың белсенділігін атап өтті.
«Көп жағдайда адамдар тек өз аумағын ойлайды. Ал мұндай бастамалардың идеясы – өз аумағыңмен шектелмей, айналаңа да қамқорлық жасау. Бұл – барлығымызға ортақ қалаға деген жауапкершілік», – деді ол.
Нұра ауданында көктем және күз мезгілдерінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында дәстүрлі түрде экологиялық айлықтар өткізіледі. Осы кезеңде тұрғындар ағаш отырғызу, аумақтарды абаттандыру және тазарту жұмыстарына белсенді қатысады.

Өткен аптада аудан аумағында 800-ден астам ағаш отырғызылды. Осы аптада тағы 400-ге жуық ағаш отырғызу жоспарланған. Оның ішінде Үркер тұрғын алабында да жұмыстар жүргізіледі.

Жалпы, 2026 жылдың соңына дейін Нұра ауданында шамамен 8,5 мың ағаш отырғызу жоспарланған.