weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

⁠Депутат: Жастар ғалымдарға емес, блогерлер мен коучтарға еліктеп жүр

«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Дихан Қамзабекұлы ғылым, технология және инженерлік мамандықтарды жастар арасында кеңінен насихаттауды ұсынды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

⁠Депутат: Жастар ғалымдарға емес, блогерлер мен коучтарға еліктеп жүр
Фото: Ашық деректер көзі

Депутаттық сауал Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолданды.

Дихан Қамзабекұлының айтуынша, ғылым мен инновация елдің жаңаруы мен дамуының маңызды тетігі саналады. Осы бағыттағы құндылықтарды мектептен бастап қалыптастыру қажет.

Депутат қазіргі таңда кейбір жасөспірімдер мен жастардың блогерлер мен коучтарға еліктеп, көп күш жұмсамай мол табыс табуға ұмтылатынын атап өтті.

«Еліміз “Әділет!” деп жаңарғанда, бұрынғы-кейінгі тоғышарлыққа, орынсыз еліктеп-солықтауға жол жоқ!» – деді депутат.

Ол жастарға инженерлер, ғалымдар мен өнертапқыштарды үлгі етудің маңызын атап өтті. Атап айтқанда, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Мұрат Айтқожин, Оразақ Ысмағұлов және Мұхтарбай Өтелбай сияқты тұлғаларды білім беру жүйесінде кеңінен танытуды ұсынды.

Депутат Үкіметке төрт ұсыныс жолдады.

  • Біріншіден, ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар және басқа да интеллектуал тұлғалардың қоғамдық бейнесін қалыптастыруға бағытталған арнайы жоба әзірлеу ұсынылды.
  • Екіншіден, ғылым мен технологияға үлес қосқан тұлғаларды бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформаларда тұрақты түрде насихаттау қажеттігі айтылды.
  • Үшіншіден, инженерлік-техникалық және жаратылыстану бағытындағы мамандықтарға талантты жастарды тартуға арналған тиімді бағдарламалар әзірлеу ұсынылды.
  • Төртіншіден, мектептер, соның ішінде «Келешек мектептері» мен Оқушылар сарайларының жұмыс нәтижесін бағалауда инженерлік-техникалық және жаратылыстану бағытындағы конструкторлық алаңдар мен үйірмелердің жетістіктерін жеке көрсеткіш ретінде енгізу ұсынылды.
     
TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→