Қазақстан мен Франция театр өнері, музей және архив ісі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтпек. Осы бағыттардағы өзара іс-қимыл Францияда өткен кездесу барысында талқыланды.
Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Франция Республикасының мәдениет министрі Катрин Пегармен кездесті. Тараптар алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын қарастырды.
Арман Қырықбаев Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, екі ел басшылары арасындағы достық әрі сенімді қатынастардың маңызын айтты. Министр мәдениет мекемелері арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Кездесуде қазақстандық және француздық шығармашылық ұжымдардың өзара гастрольдері ерекше назарға алынды. Сондай-ақ екі ел мамандары үшін оқыту, тағылымдама және шеберлік сабақтарын ұйымдастыру мәселелері сөз болды.
Арман Қырықбаев Франциядағы жұмыс сапары аясында Лувр президенті Кристоф Лерибоымен де кездесті. Тараптар Лувр экспонаттарының Қазақстанда көрмесін ұйымдастыру мүмкіндігін және басқа да музей жобаларын іске асыруды талқылады.
Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында қазақ киносы күндері мен «Қазақстан – Франция: мәдени диалогтан бірлескен жобаларға дейін» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шаралар Жак Ширак атындағы Бранли жағалауындағы музейде ұйымдастырылды, ал негізгі мәдени оқиға Париждегі «Мариньи» театрында өткен гала-концерт болды.
Концертті ашқан Арман Қырықбаев қазақ мәдениетінің байлығы мен алуандығын француз көрерменіне таныстырған өнерпаздарға алғыс білдірді. Бағдарламада дәстүрлі қазақ әндері мен күйлері, сондай-ақ заманауи туындылар орындалды.