weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Түркістан облыстық мәслихатында 20 мәселе қаралды

Түркістан облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымдағы кезекті 26-сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдері және қоғам өкілдері қатысты. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Түркістан облыстық мәслихатында 20 мәселе қаралды
Фото:Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сессия барысында күн тәртібіне енгізілген 20 мәселе қаралды. Алдымен облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі тыңдалды.

Мәслихат төрағасы Нұралы Әбішовтің айтуынша, облыс өткен жылдың қорытындысы мен биылғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр. Ол депутаттар атынан облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жұмысына жоғары баға берілетінін жеткізді.

Сонымен қатар Қазығұрт, Төлеби және Түлкібас аудандарына 2025 жылы республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаражатқа қатысты мәселелер қаралды.

Депутаттар ветеринария, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының өздеріне жүктелген міндеттерді орындауы жөніндегі есептерін де тыңдады.

Сессияда 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу, тарихи-мәдени ескерткіштерді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемелерін белгілеу мәселелері қаралды.

Бұдан бөлек, терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізу, «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту, әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңесі және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі комиссия құрамдары талқыланды.

Әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелері де күн тәртібінен түскен жоқ. Депутаттар Сауран ауданындағы әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты ұсыныстарды, бірқатар елді мекендерді тарату, Арыс қаласындағы кейбір көшелерге атау беру және қайта атау мәселелерін қарады. Сондай-ақ Түркістан облысының аумағын қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемасы талқыланды.

Сессия қорытындысы бойынша депутаттар күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жергілікті атқарушы және өкілді органдардың өзара ықпалдастығы өңірдің тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Облыс басшысы депутаттарға бірлескен жұмысы үшін алғыс білдірді.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→