Негізгі талаптардың бірі – шетелдік банктердегі есепшоттардағы қаражат көлемі. Егер 2025 жылғы 31 желтоқсанда барлық шетелдік шоттардағы ақша жиынтығы 1000 АЕК-тен (3 932 000 теңге) асса, декларация тапсыру қажет. Бұл ретте ақша әр шот бойынша бөлек емес, барлық шоттар бойынша жиынтық есептеледі.
Мысалы, студенттің шетелдік банкте оқу ақысына арналған картасы, стипендия түсетін шоты және жинақ шоты болса, олардың барлығындағы қалдық бірге есептеледі.
Сонымен қатар шетелде пәтер, үй, жер учаскесі, көлік, шетелдік компаниядағы үлес, бағалы қағаздар, инвестициялық активтер немесе цифрлық активтер болса, декларациялау міндеті туындауы мүмкін.
Тағы бір жағдай – 2025 жылы құны 20 000 АЕК-тен, яғни 78,64 млн теңгеден асатын мүлік сатып алу. Мұндай жағдайда оның сатып алыну көзі де декларацияда көрсетіледі.
Ал студенттің шетелде оқуы немесе стипендия алуының өзі декларация тапсыруға автоматты түрде негіз болмайды. Егер жоғарыда аталған талаптардың ешқайсысына жатпаса, декларация тапсыру міндеті жоқ.
Декларацияны 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет. Оны eGov, салық төлеушінің жеке кабинеті және бірқатар мобильді қосымшалар арқылы беруге болады.
Ал декларация нәтижесінде жеке табыс салығы есептелсе, оны 25 қыркүйекке дейін төлеу керек.