Оқиға ерлі-зайыптылардың үйінде болған. Сол уақытта олардың балалары да үйде болған. Көршілердің айтуынша, жараланған әйелді алғаш болып оның кенже ұлы байқап, жедел жәрдем шақырған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Әйел көп қан жоғалтқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, әйелдің өліміне пышақ жарақаты себеп болған. Оқиғадан кейін ер адам өзіне де жарақат салып, өзіне қол жұмсамақ болған. Ол аман қалып, кейін полиция тарапынан ұсталды. Қазір күдікті қамауда.
Полиция бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ведомство оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар, қолда бар мәлімет бойынша, марқұм әйел бұған дейін полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша арызданбаған.
Қылмыстың нақты себебі мен өзге де мән-жайлары тергеу барысында анықталады. Полиция тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпаратты жарияламай отыр.