13–16 тамыз аралығында Қытайдың Бейжің қаласында FIRST LEGO League Asia Open Championship 2026 халықаралық чемпионаты өтті. Байқауға әлемнің 25 елі мен өңірінен 375 команда қатысып, робототехника саласындағы өз жобалары мен инженерлік шешімдерін таныстырды.
Қазақстан атынан халықаралық додаға 23 команда қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар жалпы 23 жүлде жеңіп алды. Оның ішінде 3 команда екінші орынға, 5 команда үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар тағы 15 команда түрлі бағыттар бойынша арнайы марапаттарға ие болды.
Екінші орын алған командалардың қатарында RoboRangers, SBIL·LION·AIRES және KAZBOTS бар.
Ал үшінші орындарды Smart Sisters, TechnoKids, StarDust, FlashForce және ASTRIX командалары иеленді.
Бұдан бөлек, қазақстандық 15 команда роботтарды бағдарламалау, инженерлік шешімдер, командалық жұмыс, зерттеу жобасы және робот өнімділігі сияқты бағыттар бойынша арнайы жүлделермен марапатталды.
Халықаралық чемпионат барысында қатысушылар өздерінің роботтарын таныстырып, олардың техникалық мүмкіндіктерін көрсетті. Сондай-ақ командалар инженерлік жобаларын қорғап, түрлі тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің техникалық және шығармашылық қабілеттерін сынады.
FIRST LEGO League жарыстары оқушылардың тек робот құрастыру дағдыларын ғана емес, сонымен қатар мәселені шешу, зерттеу жүргізу, бағдарламалау және командамен жұмыс істеу қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Қазақстандық командалардың халықаралық жарыста жоғары нәтижелер көрсетуі еліміздегі оқушылардың робототехника мен инженерлік бағыттарға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
FIRST LEGO League — балалар мен жасөспірімдерге арналған халықаралық білім беру бағдарламасы. Оның негізгі мақсаты — оқушылардың инженерлік, зерттеушілік, бағдарламалау және командалық жұмыс дағдыларын дамыту.