weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Баннер
Бүгін, 13:15 / Admin / Жаңалықтар
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Ұлытауда ауыз суға 900 млн теңге: ауылдарда жағдай қандай?

  Ұлытау облысында қала және ауыл тұрғындарының 100 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі 72 ауылдық елді мекеннің тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізді. Бұл туралы Newsroom.kz редакциясының сауалына Ұлытау облысының әкімдігі жауап берді.

Ұлытауда ауыз суға 900 млн теңге: ауылдарда жағдай қандай?
Фото: Ашық деректер көзі

Облыста барлығы 75 елді мекен бар. Оның үшеуі - Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалалары, қалған 72-сі ауылдық елді мекендер. Әкімдік мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында қалалық елді мекендер халқының да, ауыл тұрғындарының да ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жеткен.

Ауылдық елді мекендерде 46 603 адам тұрған. Оның ішінде 44 ауылдағы 44 108 тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Ал 11 ауылдағы 495 тұрғын орталықтандырылмаған жүйе арқылы ауыз су тұтынады. Оның ішінде үш ауылда 191 адамға арналған КБМ орнатылса, тағы сегіз ауылда 304 тұрғын ұңғымаларды пайдаланады.

  Сонымен қатар тұрғындарының саны өте аз 17 ауыл облыстық мәслихаттың шешімімен жақын маңдағы елді мекендерге қосу арқылы қысқартылған. Бұл ауылдарда барлығы 30 адам тұрған.

Ауыз суға 900 млн теңге бөлінді

   2025 жылы ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік қордан үш жобаға 0,9 млрд теңге бөлінген.

Олар:

  • Жаңаарқа ауданы Ералиев ауылдық округінің №189 разъезіне және Ақбастау ауылына су құбыры желілерін салу;
  • Жомарт станциясының су құбыры желілерін салу;
  • Бидайық ауылдық округінің №69 разъезінің су құбыры желілерін салу.

  Үш жобаның нәтижесінде жалпы ұзындығы 20,2 шақырым су құбыры тартылып, төрт ауылдағы 519 тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.

2026 жылы да бірнеше жоба жалғасады

  Ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасады. Ұлытау ауданы Ақтас кентінің Пионер ауылында су құбыры желілерін реконструкциялау жобасы бойынша сорғы станциясын жаңғырту және 8,6 шақырым ауылішілік су құбыры желілерін салу жоспарланған. Жоба 2025 жылы басталған. Былтыр облыстық бюджеттен 23 млн теңге бөлінсе, 2026 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыруға 150 млн теңге қарастырылған. Жобаның жалпы құны-230,493 млн теңге. Сондай-ақ Сарлық ауылындағы су құбыры желілерін реконструкциялау жобасы аясында сорғы станциясының өнімділігін арттыру және 9,8 шақырым су құбырын салу көзделген. Бұл жобаға 2026 жылы облыстық бюджеттен 238 млн теңге бөлінді. Жалпы құны - 338,8 млн теңге. Қоскөл ауылында да 13 шақырым ауылішілік су құбыры желісін реконструкциялау жоспарланған. Жобаны іске асыруға биыл 204,8 млн теңге бөлінді. Жалпы құны - 304,8 млн теңге.

  Айта кетейік, ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар Солтүстік Қазақстан облысында да жүргізілуде. 2025 жылы өңірде 37 ауылдық елді мекенде су желілерін салу бойынша 31 жоба іске асырылып, 46 ауылға кешенді блок-модульдер орнатылған. Сонымен қатар 9 топтық су құбырын салу және реконструкциялау жобасы жүзеге асып, 163 елді мекендегі 131,9 мың тұрғынның сумен жабдықталуы жақсарған. Ал Ұлытау облысында 2025 жылы үш жоба аяқталып, 20,2 шақырым су құбыры тартылған.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→