Ресей үкіметі 2027 жылға және 2028–2029 жылдарға арналған бюджет жобасында әскери шығындарды тағы көбейтуді көздеп отыр. Құжатқа қарағанда, шығындардың шамамен жартысы әскер мен күштік құрылымдарға жұмсалмақ.
Қаржы министрі Антон Силуанов бюджет жобасының басты басымдықтары ретінде мемлекет алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау, қорғаныс пен қауіпсіздік қажеттіліктерін қаржыландыру, сондай-ақ «арнайы әскери операцияға» қатысушылар мен олардың отбасыларын қолдауды атады. Ал «ұлттық қорғаныс» бабы бойынша шығынды 17 трлн рубльге дейін жеткізу ұсынылған.
Бюджетте «ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау қызметі» бабы да өседі: келесі жылы бұл бағытқа 10% артық, яғни 4,3 трлн рубль бөлу жоспарланып отыр. Екі бапты қосқанда, жалпы шығындардың 44%-ы соған тиесілі болады. 2028 және 2029 жылдары да қорғанысқа жұмсалатын қаражат 16 трлн рубльден жоғары деңгейде сақталмақ.
Сонымен бірге билік интернеттегі бұғаттау жүйесіне берілетін субсидияны 9 млрд рубльден 19 млрд рубльге дейін көтеруді ұсынып отыр. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына бөлінетін дотациялар да айтарлықтай өзгермеген, соның ішінде RT 30 млрд рубльден астам, ал ВГТРК 25 млрд рубль алады.
Жобада шығындарды қысқарту да қарастырылған: әлеуметтік саясатқа бөлінетін қаржы 6%-ға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 9%-ға, денсаулық сақтауға және экономиканы қолдауға 3%-ға азаяды. «Инновациялық экономика» бағдарламасын 30%-ға, ауыл шаруашылығын қолдауды 10%-ға қысқарту ұсынылған. Ал Қырымға бөлінетін қаражат 12%-ға артады, Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын қалпына келтіру бағдарламасы 1%-ға қысқарады.
Шығынды осылай қайта бөлу де бюджет тапшылығын азайтуға жеткіліксіз болғандықтан, үкімет салықты тағы көтермек. Бұған дейін Ресейде табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіліп, 2026 жылы қосылған құн салығы 22%-ға дейін көтерілген еді. Енді билік қосымша алымдар мен ұсақ салықтарды көбейту арқылы қазынаны толықтырмақ.