Оның айтуынша, ел халқының саны 39 миллион 47 мың 321 адамды құрады. Бұл бұрынғы статистикалық есептеулерде көрсетілген 38,24 миллион адамнан 810 мың 617 адамға немесе 2,1%-ға көп.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ерлер саны – 19,77 миллион адам (50,6%), ал әйелдер саны – 19,28 миллион адамды (49,4%) құрайды.
Этникалық құрамы бойынша халықтың басым бөлігін өзбектер құрайды – 34,9 миллион адам немесе жалпы халықтың 89,4%-ы. Одан кейін тәжіктер – 1,28 миллион (3,27%), қарақалпақтар – 841,4 мың (2,15%), қазақтар – 707,33 мың (1,81%), орыстар – 606,53 мың (1,55%).
Сондай-ақ елде 219,1 мың қырғыз (0,56%), 194,76 мың түрікмен (0,5%) тұрады. Өзге этнос өкілдерінің саны 300,02 мың адамды немесе халықтың 0,77%-ын құрайды.
Өзбек тілін ана тілі ретінде 35,7 миллион адам немесе халықтың 91,3%-ы көрсеткен. Бұл көрсеткіш этникалық өзбектердің үлесінен (89,4%) 1,9 пайыздық тармаққа жоғары.
Алдын ала санақ нәтижесіне сәйкес, халықтың басым бөлігі қалаларда тұрады. Қала тұрғындарының саны 21,3 миллион адамды немесе жалпы халықтың 54,5%-ын құрайды. Ауылдық жерлерде 17,8 миллион адам немесе халықтың 45,5%-ы тұрады.