Схема әдетте қарапайым көрінеді. Алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы «оңай табыс», «қашықтан жұмыс» немесе «карта жалға алу» туралы ұсыныстар таратады. Азамат өз картасын немесе банктік деректерін береді. Кейін оның шотына ақша түсіп, ол қаражат басқа есепшоттарға жіберіледі немесе қолма-қол шешіліп алынады.
Мамандардың айтуынша, көптеген адамдар мұндай әрекеттің салдарын толық түсіне бермейді. Алайда шот иесі заңсыз қаржылық операциялардың қатысушысы ретінде қарастырылуы мүмкін. Сондықтан банк картасын, есепшотты немесе мобильді банкинг қосымшаларын бөгде адамдарға пайдалануға беруге болмайды.
Цифрлық технологиялардың дамуы қаржылық қызметтерді қолжетімді етті. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері де көбейді. Осыған байланысты азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және жеке деректердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы бұрынғыдан да маңызды болып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, егер азаматтарға «картаңызды уақытша пайдалана тұрайық», «ақша өткізіп беріңіз», «шотыңызды жалға беріңіз» деген ұсыныстар түссе, мұндай әрекеттерден бірден бас тартқан жөн. Өйткені бірнеше мың теңге үшін алынған сыйақы кейін әлдеқайда күрделі құқықтық мәселелерге әкелуі мүмкін.