Мемлекет басшысына Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, елімізде электр энергиясының тапшылығы әлі де сақталып отыр, бірақ өткен жылы ол 29%-ға төмендеген. Қазіргі уақытта жоғары жүктеме кезеңдерінде тапшылықты импорт есебінен жабу жүргізіледі.
Жаңа тариф саясаты реттеліп көрсетілетін қызметтер нарығында әділ бәсекелестік қалыптастыруға мүмкіндік берді. Осы өзгерістердің нәтижесінде ТКШ саласына жеке инвестициялар тартылуда: 2025 жылы энергетика секторына 655 млрд теңге инвестиция жұмсалған болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш шамамен 900 млрд теңгеге жетеді деп болжануда.
Премьер-министрдің сөзінше, 2029 жылға қарай елімізде электр энергиясын өндіру көлемі 39 млрд киловатт-сағатқа ұлғаймақ. Сонымен қатар, энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету және қуат тапшылығын жабуға бағытталған стратегиялық шаралар аясында 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттар іске қосылады. Бұл жобалар арасында атом энергиясы мен «таза» көмір генерациясын дамытуға ерекше мән беріледі.
Олжас Бектенов атап өткендей, жаңа қуат көздерін енгізу және тариф саясатын жаңарту Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, электр энергиясына сұраныстың өсуін тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.