Бұл бастама Мемлекет басшысының ғылымның рөлін күшейту және заманауи ғылыми экожүйе қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы, сондай-ақ цифрландыру жылы аясындағы даму басымдықтары негізінде жүзеге асырылуда.
Алматы қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалада ғылыми әлеует пен қолданбалы зерттеулерді жүйелі қолдау бағытында бірізді жұмыс жүргізілуде. Алматы дәстүрлі түрде елдің ірі ғылыми-білім беру орталығы мәртебесін сақтап келеді.
Қалада 35 жоғары оқу орны, 131 ғылыми-зерттеу институты және ғылым саласында жұмыс істейтін 142 кәсіпорын бар. Бұл Алматының дамуына қызмет ететін ауқымды зияткерлік әлеуетті қалыптастырады.
«Бастаманың мәні – қаланың нақты мәселелерін шешуге бағытталған жобаларды қолдау. Бұл теориядан нақты нәтижеге көшу», – деді гранттық жоба бойынша жұмыс тобының мүшесі, PhD, Satbayev University зерттеуші-профессоры Руслан Нұрлыбаев.
Байқау Алматыны 2050 жылға дейін дамыту стратегиясында көзделген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған қолданбалы зерттеулерді қолдауға арналған.
Қаржыландырудың басым бағыттары ретінде жайлы қалалық ортаны дамыту, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, басқарылатын урбанизация, әлеуметтік тұрақтылық, «Жасыл Алматы» бастамасы аясындағы экологиялық күн тәртібі, «Алматы – смарт-сити» цифрлық трансформациясы, сондай-ақ «Қауіпсіз қала» тұжырымдамасы шеңберінде қауіпсіздік деңгейін арттыру айқындалған.
Байқаудың ерекшелігі – оның қолданбалы сипаты. Яғни, ғылыми идеялар теория жүзінде қалып қоймай, нақты қалалық ортада іске асатын шешімдерге айналады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.
«Жоба ғылым, мемлекет және бизнес арасындағы тиімді байланысты қалыптастыруға бағытталған. Гранттар ғылыми әзірлемелерді практикада жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді «Тұран» университетінің проректоры Дина Разақова.
Ғылыми қауымдастық өкілдерінің айтуынша, басты міндет – тәжірибеде іске асыруға дайын жобаларды қолдау. Сарапшылар қолданбалы ғылымды дамыту қала өмірінің сапасын арттыру мен орнықты дамудың маңызды факторы екенін атап өтеді.
«Әкімдік гранттары ғылыми әзірлемелердің зертханада ғана емес, оның шын мәнінде экология, көлік, цифрлық сервистер және басқа да салаларда кеңінен қолданылуына бағытталған», – деді Шолпан Жаманбалаева.