Жоба өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеуге бағытталған. Іс-шараға балабақша тәрбиеленушілері, олардың ата-аналары мен педагогтері қатысты.
Балалар қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызып, әр ағашқа жас алматылықтың есімі берілді. Енді бүлдіршіндер ағашының өсуін бақылап, оларды күтіп-баптау арқылы қаланы көгалдандыру ісіне үлес қосады.

Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – «Жас экологтың ант қабылдау» рәсімі болды. Балалар табиғатты қорғауға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға уәде берді. Сонымен қатар балабақша аумағына 2040 жылғы қала тұрғындарына арналған суреттер мен жолдаулар салынған «Уақыт капсуласы» орналастырылды.
Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтың әдіскері Ақбота Мұстафаева мұндай бастамалар балалардың бойында ерте жастан экологиялық жауапкершілік қалыптастырып, табиғатқа жанашырлық құндылықтарын нығайтатынын атап өтті.