Мәселен, Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаев адам құқығының үстемдігі мемлекеттің құқықтық негізін нығайтатынын атап өтті. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин құжаттың стратегиялық маңызына тоқталды.
Алматы зиялылары ұсынылып отырған өзгерістердің әлеуметтік сипатына ерекше назар аударды. Олардың айтуынша, құжат мазмұны жағынан түсінікті болып, адам мүддесіне жақындай түскен.
«Жаңа Конституциямыздың әлеуметтік бағыты айқындалып, ол халыққа жақындай түсті», – деді Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубай.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды жаңа Конституция елдің ұзақмерзімді даму бағытын айқындайтын негізгі құжат екенін айтты.
«Ерекше атап өтетін жайт – Конституция тұңғыш рет мемлекеттік тілде жазылды», – деді ол.
Алдағы референдумның маңызын өнер қайраткерлері де ерекше атап өтті. Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева азаматтарды дауыс беруге қатысуға шақырды.
«15 наурыз – еліміз үшін маңызды күн. Келіп, өз таңдауыңызды жасаңыздар», – деді әнші.