Мүфтияттың хабарлауынша, Рамазан айына дайындық аясында өткен Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының көлемі ресми түрде айқындалды. Есептеу барысында еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа нарықтық бағасы негізге алынған. Бағалар ҚМДБ-ның өңірлік өкілдіктері ұсынған мәліметтер арқылы анықталған.
Шариғат талаптарына сәйкес, пітір садақаны тек бидаймен ғана емес, оның өнімдерімен де өтеуге болады. Қазіргі таңда ұн мен талқан секілді өнімдер кеңінен қолданылатындықтан, есептеу ұн бағасына сүйене отырып жасалған.
2026 жылға арналған пітір садақаның нарықтық орташа құны төмендегідей бекітілді:
Бидай (2 кг) – 318 теңге;
Ұн (2 кг) – 735 теңге;
Арпа (4 кг) – 514 теңге;
Мейіз (2 кг) – 6400 теңге;
Құрма (4 кг) – 12400 теңге.
Мүфтият өкілдері жағдайы бар азаматтарға пітір садақаны жоғары құнды азық-түлікпен, яғни мейіз немесе құрмамен бергені абзал екенін атап өтті. Бұл – мұқтаж жандарға көбірек пайда әкелудің бір жолы.
Сонымен қатар, биылғы підия мөлшері 4000 теңге көлемінде белгіленді. Підия – денсаулығына немесе өзге де себептерге байланысты ораза ұстай алмаған адамның бір күндік (таңғы және кешкі) асына тең қаржы. Ал оған шамасы жетпегендер әрбір ұстай алмаған күні үшін пітір садақасының белгіленген мөлшерін беруге құқылы.
Осылайша, 2026 жылғы Рамазан айында бір адам үшін берілетін міндетті пітір садақа 735 теңге болып бекітілді.