Алматы қалалық полиция департаменті интимдік қызмет көрсетілуі мүмкін нысандарға рейд бастады.
Полиция мәліметінше, тексеріс массаж, сауықтыру және түрлі «сервистік» салондарды, сондай-ақ «зиянды пәтерлерді» қамтиды. Мұндай орындар құпия жұмыс істегенімен, жедел бөлімшелердің назарынан тыс қалмайды.
Шаралар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жеңгетайлық, жезөкшелікке тарту және өзге де заңсыз әрекеттерді анықтап, жолын кесуге бағытталған.
Алматы қаласы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев мұндай нысандар азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін атап өтті.
«Әңгіме тек заң бұзушылықта емес, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін нақты қауіпте. Мұндай орындар қылмыстың ошағына айналып, жанжалдардың көзі болуы және адамдарды заңсыз әрекеттерге тарту арнасына айналуы мүмкін. Полицияның міндеті — бір реттік рейд емес, тұрақты тәртіп орнату», — деді ол.
Полиция бұл тексерулердің нысаналы әрі жүйелі сипатта жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.