Мамандар күздегі топырақтың ылғалдылығын, тоңның тереңдігін, қыс бойы жиналған жауын-шашынды және өзендердің мұз режимін талдап, көктемде су деңгейі ең белсенді көтерілуі мүмкін аумақтарды анықтады.
Еліміздің жазық бөлігі үшін негізгі фактор — еріген қар суы. Көктемгі ағынның негізгі көлемін дәл осы су құрайды. Көпжылдық бақылауларға сәйкес, бұл аймақтарда тасқынның шарықтау шегі наурыздың соңынан сәуірдің соңына дейінгі кезеңге сәйкес келеді.
Таулы аймақтарда тасқын толқынмен үш кезеңде өтеді: алдымен наурыз-сәуір айларында аласа тауларда, содан кейін мамыр-маусымда орта тауларда және соңында жаз айларында биік тауларда болады. Бедері судың тез жайылуына ықпал ететін аласа таулы аудандар ең осал болып қала береді.
Осы қыста жағдайды бірден бірнеше фактор қиындатып отыр. Бірқатар аймақта күзде топырақтың шамадан тыс ылғалдануы тіркелген, кей жерлерде жауын-шашын мөлшері 150 мм-ден асқан. Сонымен қатар елдің басым бөлігінде топырақ қатып қалған, бұл оның су сіңіру қабілетін төмендетеді. Көктемде еріген қар суы өзендер мен ойпаттарға тезірек ағады.
Тоңның ең жоғарғы тереңдігі елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталығында — 140–148 см-ге дейін жетеді. Мұндай көрсеткіштер Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында тіркелген. Сондай-ақ, елдің шығысы мен солтүстігінде суық кезеңде жиналған жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болды.
Жиынтық көрсеткіштер негізінде синоптиктер су тасқыны қаупі бар аумақтарға алдын ала баға берді:
Қауіп жоғары өңірлер: Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстары. Мұнда тоңның терең қатуы, жоғары ылғалдылық пен қар қорының көптігі су деңгейінің күрт көтерілуіне әкелуі мүмкін.
Қауіп орташа облыстар: Батыс Қазақстан, Ұлытау, Павлодар, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Жетісу және Қостанай облыстары.
Қауіп төмен өңірлер: Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында ауқымды тасқын болу ықтималдығы төмен деп болжанып отыр.
Айта кетсек, «Қазгидромет» мамандары 2026 жылғы көктемде Қазақстанда ауқымды су тасқыны болу қаупі жоғары екенін ескерткен еді. Орталық директоры Марина Шмидттің айтуынша, қыстың ерекшеліктері су тасқыны кезеңінің қалыптасуына қолайсыз жағдайлар туғызуы мүмкін.