Respublika партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаровтың айтуынша, Жұпар Орынбаева осы уақытқа дейін ешбір партияның мүшесі болмаған.
«Жұпар апа — Қызылорда облысының тумасы, 11 баланы тәрбиелеп өсірген батыр ана, “Алтын алқа” иегері, тыл еңбеккері әрі еңбек ардагері. Ол арнайы келіп, партия қатарына өтіп, ақ батасын берді», — деді Айдарбек Ходжаназаров.
Оның айтуынша, Жұпар апаның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген. Әкесі мен ағалары майданнан оралмаған.
«Еңбекқорлығы мен белсенді өмірлік ұстанымының арқасында ол бірнеше рет депутат болып сайланған. Бір кездері Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарлары барысында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Жалағаш ауданында тоқтап, дәл Жұпар апаның үйінде қонақ болып, батасын алған. Әр жылдары Жұпар апаны Коммунистік партияға, кейін “Нұр Отан” партиясына мүшелікке шақырған. Алайда бүгін ол өз саналы таңдауын Respublika партиясының пайдасына жасады», — деп атап өтті партия төрағасы.