2026 жылғы 20 қаңтарда Toyota Camry көлігі бағдаршамда тоқтап тұрған Hyundai Sonata-ға соқтығысқан. Camry-де отырған үш ер адамның бірі — Василий Колесников. Көліктерден түскеннен кейін жанжал басталып, көп ұзамай оқиға орнына Lexus келіп тоқтаған. Ішінен бетперде киген бірнеше адам шығып, төбелес күшейген.
Видеожазбаларда пышақ қолданылғаны, сондай-ақ қаруға ұқсас зат көрінетіні байқалады. Колесников күштеп көлікке отырғызылып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Бірнеше сағаттан соң оның мәйіті Түркістан облысы Ордабасы ауданынан табылды. Дәрігерлер ауыр дене жарақаттарын, қол-аяқ сүйектерінің сынғанын тіркеген.
Марқұмның адвокаты Талғат Есімов бұл оқиғаны кездейсоқ жанжал емес, алдын ала жоспарланған шабуыл деп санайды. Ол полицияның жедел әрекет етпегеніне, бейнебақылау жүйесінің жұмысына қатысты сұрақтар көтерді.
Қазіргі таңда іс бойынша жеті адам ұсталған, тергеу жалғасып жатыр. Іс ІІМ-нің орталық аппаратының бақылауында.