Оқиға 4 желтоқсанда қала орталығындағы караокеде болған. Ренатаның айтуынша, Расул есімді ер адам оның құрбысына тиісе бастаған. Кейін жанжал ушығып, Ренатаның өзін ұрып, телефонын сындырып кеткен.
Қыздардың үшеуін полиция бөліміне жеткізіп, сегіз сағат бойы байланыссыз, су мен тамақсыз ұстаған.
«Полиция қызметкерлерінің бірі маған моральдық қысым көрсетті. Бар кінәні маған артып, өзім арандаттым деді. Тіпті, үш баппен жауапқа тартамыз деп қорқытты», — дейді Рената.
Оның сөзінше, полицейлер соққы дерегі бойынша арыз қабылдаудан бас тартқан. Ал келтірілген 300 мың теңгелік материалдық шығынды жай ғана қолхатпен рәсімдеуді ұсынған. Сот процесі бірнеше минутқа ғана созылып, ер адам қоғамдық орында боқтағаны үшін 80 мың теңге айыппұлмен шектелген.
Кейін Рената заңгерлерге жүгінген. Олар қолхаттың заңды күші жоқ екенін түсіндірген. Ал күдікті байланысқа шықпай, өтемақы төлемеген.
Қыздың айтуынша, кейін қайта полицияға барған кезде де сол қызметкер соққы туралы айтпауын талап еткен. Қазір іс алға жылжымаған.
«Байланысқа шыға алмағаным үшін жұмысымнан айырылдым. Ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүрмін. Телефоным жоқ, бұрынғы өміріме қайта алмай жүрмін», — дейді Рената.