Министрдің айтуынша, Қазақстан бұл жобаға Эстония, Сингапур, БАӘ, Иордания және Грекиямен бірге қосылып отыр. Осылайша, еліміз Орталық Азияда жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізуге көшкен алғашқы мемлекет атанды.
Саясат Нұрбек жасанды интеллект ұстаздарды алмастырмайтынын, керісінше олардың рөлін күшейтетінін атап өтті.
«Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Ол күнделікті рутинаны азайтып, әкімшілік және әдістемелік жүктемені жеңілдетеді. Ең бастысы — ұстазға студентпен тікелей жұмыс істеуге, ойлауды дамытуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді», — деді министр.
Министрдің мәлімдеуінше, ChatGPT Edu Қазақстан үшін жай ғана цифрлық өнім емес, білім беру инфрақұрылымының бір бөлігі саналады. Ол оқу материалдарын дайындауға, контентті білім алушылардың деңгейіне бейімдеуге, кері байланысты жақсартуға және зерттеу жұмыстарын жеделдетуге көмектеседі. Алайда педагогикалық, этикалық және бағалау шешімдерінің барлығы адамның құзырында қалады.
Жобаның жүзеге асу тетігі де ерекше. Ол Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары барысында қол жеткізілген келісімдерге негізделген және мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді. Жоба жеке қаражат есебінен қаржыландырылады.
Бастама аясында білім берудің барлық деңгейіндегі педагогтар, университеттер мен Astana Hub экожүйесіне 165 мың тегін лицензия ұсынылады.
«Бұл — жай статистика емес. Бұл — ұстаздарға деген сенімнің және ауқымды өзгерістердің нақты көрінісі», — деп атап өтті министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанның басты мақсаты — жасанды интеллектіні қолдана алатын ғана емес, сыни ойлайтын, жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу. Ел жедел нәтиже емес, білім беру саласында ұзақ мерзімді даму траекториясын таңдаған.