Қазір Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында тұрғындарға жылу беріле бастаған.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың мәліметінше, апта соңына дейін тағы бес өңірде жылыту маусымын бастау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жылу Астана қаласына, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстарына беріле бастайды.
Нысандар мен тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу жұмыстары ауа райының жағдайына қарай жүргізіледі.
Бұған дейін Энергетика министрлігі Павлодар облысында жылыту маусымы 14 қыркүйекте басталғанын хабарлаған. Солтүстік және шығыс өңірлердің басым бөлігінде жылу беру маусымын 1 қазанға дейін бастау жоспарланған болатын.
Үкімет жылыту маусымына дайындық аясында жылу желілерін жөндеу және энергетикалық нысандарды дайындау жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Жоспардағы 377 шақырым жылу желісінің 366 шақырымы, яғни 97%-ы дайын болған.