weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қарағандыда −30°C аязда ашық құдыққа түсіп кеткен оқушы аман қалды

Қарағанды қаласында мектеп-лицей №103 маңында үшінші сынып оқушысы ашық дренаждық құдыққа түсіп кете жаздады. Оқиға сыртта ауа температурасы −30 градус болған кезде орын алған. Бала мұздай суға түсіп, денесі қатты тоңған.

Қарағандыда −30°C аязда ашық құдыққа түсіп кеткен оқушы аман қалды
Фото: зардап шегушінің туыстарынан

Оқиға туралы баланың туысы әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, құдық қоршалмаған, маңайда ересектер де, бейнебақылау камералары да болмаған.

«Бұл — нағыз ғажайып. Баланың тірі қалғаны — Алланың қалауы. Жанында сыныптастары болып, олар тез әрекет етіп, жоғары сынып оқушысын шақырған. Ол баланы шығарып алды», — деп жазды туысы.

Жедел жәрдем оқиға орнына келіп, баланы тексерген. Дене жарақаты анықталмаған соң, ол үйіне жіберілген. Алайда туыстары полиция мен әкімдікке арыз түсіріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

Алғашында коммуналдық қызметтер құдықтың өздеріне тиесілі емес екенін айтқан. Жақын маңда орналасқан «Теплотранзит» және «Қарағанды Жарық» кәсіпорындары да жауапкершілікті мойындамаған.

Кейін Қарағанды қаласы әкімдігі бұл дренаждық құдықтың қалалық жылу желілерінің балансында екенін мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, құдықта мүлде су болмауы керек.

«Бұл құдықтың қақпағы бұрын да ұрланған. Шағымнан кейін қауіпсіз күйге келтірілген, алайда қақпақ қайтадан ұрланған. Оқиға соның салдарынан болды», — деп түсіндірді әкімдік.

Билік өкілдері ата-аналардан кешірім сұрап, көшедегі қауіпсіздік бақылауын күшейтуге уәде берді. Қазіргі таңда құдық бетон плитамен жабылған. Қақпақты ұрлау дерегі бойынша полицияға арыз берілді.

Әкімдік мәліметінше, соңғы жарты жылда Қарағандыда 50-ден астам құдық қақпағы ұрланған. Қалада барлық инженерлік желілерге жоспардан тыс тексеріс басталды.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→