Іс-шараға университет басшылығы, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері, профессор-оқытушылар құрамы, студенттік қауымдастық өкілдері, сондай-ақ жоғары білім беру саласының сарапшылары қатысты. Семинар жоғары білім беру жүйесінде адалдық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кәсіби диалог пен практикалық құралдар алмасудың маңызды алаңына айналды.
Семинардың бірінші күні академиялық адалдық қағидаттарын университеттің басқару және білім беру үдерістеріне интеграциялаудың практикалық тетіктері қарастырылып, жоғары оқу орындарына тән негізгі тәуекелдер мен жиі кездесетін қателіктер талданды.
Екінші күні академиялық адалдықты тұрақты енгізу мәселелері, әкімшілік персоналдың рөлі және ішкі саясаттарды дамыту бағыттары талқыланды. Семинар қорытындысы бойынша академиялық адалдықты жүйелі мониторингтеуге арналған үш жылдық бағалау жоспары қалыптасты.
Esil University ректоры, экономика ғылымдарының докторы Аяпберген Таубаев мұндай бастамалардың заманауи университетті дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
«Академиялық адалдық – университетке, білім сапасына және түлекке деген сенімнің негізі. Esil University үшін формалды талаптарды орындаумен шектелмей, оқытушыларды, қызметкерлерді және студенттерді тарта отырып, тұтас адалдық мәдениетін қалыптастыру маңызды. Осындай семинарлар декларациядан нақты басқарушылық және білім беру шешімдеріне көшуге мүмкіндік береді», – деді ректор.
Семинарға қатысушыларға сертификаттар табыстау рәсімі ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның қатысуымен өтті. Ол қатысушылардың белсенділігі мен Академиялық адалдық лигасының бастамаларын қолдаудың маңызын атап өтіп, Қазақстанда академиялық адалдықты ілгерілету саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.