Esil University-де «Экономикалық саясат және Қазақстанның тұрақты дамуы: ғылым, заңнама және тәжірибе» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Іс-шара танымал экономист-ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Берік Бейсенғалиевтің 60 жылдық мерейтойына арналды.
Конференция барысында қатысушылар экономикалық саясаттың өзекті мәселелерін, орнықты даму бағыттарын және ұлттық ресурстарды тиімді басқару жолдарын талқылады.
Пленарлық отырыста Budapest Metropolitan University профессоры Ласло Ваша баяндама жасап, Қазақстандағы көлік инфрақұрылымы мен экономикалық дәліздерді дамыту тек транзиттік әлеуетпен шектелмей, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің берік негізіне айналуы тиіс екенін атап өтті.
Тұрақты даму тақырыбын Ресейдің Г.В. Плеханов атындағы экономикалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Иван Потравный жалғастырып, тау-кен өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеу және халықтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ ол Ресей, Қазақстан және Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың келешегін сөз етті.
Esil University жанындағы Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Дмитрий Улыбышев Қазақстандағы стратегиялық жоспарлау мен ұлттық ресурстарды тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.
Конференция жұмысы секциялық отырыстармен жалғасып, онда экономикалық саясаттың қолданбалы қырлары, орнықты дамудың қазіргі сын-қатерлері және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мәселелері қарастырылды.