Таиландтың Пхукет аралында туристер мінген серуендік катер апатқа ұшырап, суға батты. Оқиға 11 қаңтар күні таңертең катердің балық аулау кемесімен соқтығысуы салдарынан болған.
Жергілікті биліктің мәліметінше, соқтығысудан кейін катердің корпусы қатты зақымданып, көп ұзамай су астына кеткен. Бортта барлығы 55 адам болған: 52 турист пен экипаждың үш мүшесі.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, жолаушылар арасында 33 Ресей азаматы, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге елдердің азаматтары болған. Апат салдарынан 18 жастағы Ресей азаматы қаза тапты.
Алғашқы деректер бойынша, 14 адам Vachira Phuket ауруханасына, төртеуі Siriroj клиникасына, тағы бір адам Dhibuk медициналық мекемесіне жеткізілген. Зардап шеккендердің көпшілігінің жағдайы тұрақты, олардың арасында балалар да бар. Кейбір туристерге медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне шығарылған.
Оқиғадан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі катерде болған қазақстандықтардың жағдайына қатысты мәлімет берді. Ведомствоның хабарлауынша, бортта 8 Қазақстан азаматы болған. Барлығына медициналық көмек көрсетілген. Үшеуі ауруханаға жатқызылған, олардың бірі емделіп шыққан, ал екеуі дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары тұрақты.
«Барлық медициналық шығындарды сақтандыру компаниясы өтеп жатыр. Қазақстан консулы зардап шеккен азаматтармен тұрақты байланыста», – деп мәлімдеді СІМ.
Жалпы апат салдарынан 23 адам түрлі медициналық мекемелерге жеткізілген. Таиланд билігі оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын бастады.