Оқиға 29 қыркүйекте таңғы сағат 09:45 шамасында болған. Оңтүстік Кореяның Еңбек министрлігінің мәліметінше, 30 жастағы Қазақстан азаматы салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің 23-қабатындағы пәтер ішінде тазалық жұмыстарын бастауға дайындалып тұрған.
Сол уақытта төбедегі бетон конструкциясының бір бөлігі құлап, жұмысшы оның астында қалған. Ер адам алған жарақатынан қаза тапқан. Бұл деректі Yonhap және Yonhap-қа сілтеме жасаған корейлік БАҚ растады.
Алдын ала мәлімет бойынша, бетон қалдықтарын алып жатқан жұмысшы зардап шеккен азаматты қауіпті аймақтан шығарып жіберген. Алайда бетон бөлшектері болжанған құлау аумағынан ауытқып, жұмысшыға тиген. Бұл нұсқаны нысанның құрылысшысы Hyundai Engineering & Construction компаниясы жариялаған мәліметінде келтірген.
Оқиғадан кейін нысандағы жұмыстар тоқтатылды. Кореяның Еңбек министрлігі мен полициясы құрылыс алаңында тексеру жүргізіп, оқиғаның нақты себептерін анықтауға кірісті. Тергеу барысында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және компаниялардың жауапкершілігі де қаралады.
Нысанның бас мердігері — Hyundai Engineering & Construction. Құзырлы органдар компания мен мердігер ұйымдардың әрекеттерін тексеріп жатыр. Қазіргі таңда қылмыстық және еңбек қауіпсіздігі туралы заң талаптарының бұзылған-бұзылмағаны анықталуда.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандық дипломаттардың марқұмның туыстарымен байланыс орнатқанын хабарлады. Оларға консулдық және құқықтық көмек көрсетіліп жатыр.
Оңтүстік Кореяның құзырлы органдары тергеу нәтижесінде апаттың нақты себептері мен оған жауапты тұлғаларға қатысты шешім қабылдайды.