weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Шопандар мен малшылардың зейнет жасы төмендейді

Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту және фермерлерді әлеуметтік қолдау жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Құжат Астанада өткен қоғамдық кеңес отырысында қаралды.

Шопандар мен малшылардың зейнет жасы төмендейді
Фото: egemen.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жоспар аясында шопандар мен малшылар үшін зейнет жасын төмендету, әскери қызметтен кейінге қалдыру, сондай-ақ олардың балаларына білім беру гранттарын басым тәртіппен беру көзделген.

Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған бірқатар қаржылық шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6 пайызбен ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие беру, ал айналым қаражатын толықтыру үшін 5 пайыздық несие тетігін енгізу жоспарланған.

«Бұл қаражат жем-шөп, жанар-жағармай, ветеринариялық дәрі-дәрмек және басқа да өндірістік шығындарға жұмсалуы мүмкін», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Сондай-ақ көшпелі және отарлы мал шаруашылығын дамытуға арналған бірыңғай 6 пайыздық несие өнімі іске қосылады. Барлық бағдарламалар мемлекет кепілдігімен «Даму» қоры арқылы ұсынылады.

Қоғамдық кеңес отырысында мал шаруашылығына өсімдік шаруашылығы өкілдерін тарту, қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарын қолдау, малшыларға тұрғын үй салуды субсидиялау секілді ұсыныстар да айтылды.

QazaqSut республикалық палатасының директоры Азамат Сағынбаевтың айтуынша, жоба фермерлердің ұсыныстары ескеріле отырып әзірленген. Кеңес мүшелері құжатты бірауыздан қолдады.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→