Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Елімізде жұмыс істейтін зейнеткерлердің үштен бірі білім беру саласында жүр

2024 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, білім саласында 51,4 мың зейнеткер еңбек етіп жүр. Бұл – елдегі жұмыс істейтін зейнеткерлердің 31 %-ы, деп хабарлайды newsroom.kz бірінші кредиттік бюроның DATA HUB Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Елімізде жұмыс істейтін зейнеткерлердің үштен бірі білім беру саласында жүр
Фото: на пенсии

Мәліметтер Ұлттық статистика бюросының кәсіпорындар арасында жыл сайын жүргізілетін таңдаулы зерттеуінің нәтижесінде алынған.

Назар аударатын жайт — зейнеткерлердің білім беру жүйесіндегі үлесі біркелкі емес. Олардың басым бөлігі орта білім беру саласында еңбек етеді — 27,6 мың адам. Ал бастауыш білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін зейнеткерлер саусақпен санарлық.

Зейнеткерлер көп шоғырланған екінші сала — денсаулық сақтау. Мұнда 26 мың зейнеткер (16%) қызмет етуде.

Үшінші орында – өнеркәсіп саласы. Бұл салада 19,1 мың зейнеткер жұмыс істеп жүр, яғни жалпы көрсеткіштің 12 пайызына тең.

Жалпы алғанда, зейнет жасына жетсе де жұмысын жалғастырып жүргендердің негізгі бөлігі осы үш саладан табылатыны таңқаларлық емес. Себебі аталған салалар — қызметкерлер саны жағынан елдегі ең ірі салалар және олар бүкіл тіркелген жұмыс күшінің 60 пайызына жуық үлесін құрайды.

Ал егер жалпы қызметкерлер санына шаққанда, зейнеткерлердің үлесі ең жоғары сала — «Басқа қызмет түрлерін көрсету» деп аталатын бағыт. Бұл салада 52 мың адамның 5,7 мыңы зейнеткер (11%). Бұл санатқа негізінен қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың жұмысы кіреді.

Сондай-ақ зейнеткерлердің үлесі жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында – 9,6% (2,1 мың адам), ал әкімшілік және қосалқы қызметтер саласында – 8% (10,9 мың адам) болып отыр.

Айта кету керек, бұл көрсеткіштер кәсіпорындардың тізімдік санына негізделген. Яғни еңбек шартымен ресми тіркелген барлық қызметкерлер есепке алынған, оның ішінде декреттік демалыстағы немесе уақытша жұмыста жоқ адамдар да бар. Екіншіден, зерттеу кәсіпкерлікпен айналысатын шағын кәсіпорындарды қамтымайды.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату