Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде спутниктік интернет қызметін көрсететін үш оператор жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта нарыққа тағы екі шетелдік компанияның кіруі жоспарланған. Пилоттық жобалар 2026 жылы іске қосылады.
Сонымен қатар өңірлердегі туристік аймақтар мен жетуі қиын елді мекендерді интернетпен қамту үшін әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен спутниктік байланыс орнатуы тиіс.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстанда автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамту жобасы да басталған. Бұл жоба республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды қамтиды. Жоспар бойынша, жұмыстар алдағы екі жыл ішінде толық аяқталады.
Бұдан бөлек, елімізде 5G желісін дамыту жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта бұл байланыс түрі 20 қалада қолжетімді, ал билік 5G арқылы қалалар аумағының кемінде 75%-ын қамтуды көздеп отыр.
Министр елде 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар екенін атап өтті. Соның ішінде 3 мыңнан астам ауыл биыл және келесі жылы талшықты-оптикалық желі арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Нәтижесінде, Қазақстан халқының 99%-ы интернетке қол жеткізеді деп жоспарлануда.
Сонымен қатар «соңғы миль» жобасы аясында 400 мыңға дейін үйге тікелей оптикалық интернет тарту көзделген. Бұл бастама қосымша 2,5 млн адамды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.