Қазіргі таңда елде үш арнайы салық режимі қолданылады:
– өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;
– оңайлатылған декларация негізіндегі режим;
– шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режим.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген және жалдамалы қызметкері жоқ азаматтар қолдана алады. Бұл санатқа такси жүргізушілері, тамақ жеткізу қызметі, курьерлер, шаштараздар және өз бетінше жұмыс істейтін өзге де азаматтар кіреді. Үкімет бекіткен тізімде барлығы 40 қызмет түрі қамтылған.
2025 жылы патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер 28 ақпанға дейін есептен шығуы тиіс. Қалаған жағдайда олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына өте алады.
Комитеттің хабарлауынша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға арналған режим сол айда қолданылған болып есептеледі, егер арнайы мобильді қосымша арқылы чек берілген болса.
Ал оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне барлық салық төлеушілер өте алады. Ол үшін 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында тиісті хабарлама тапсыру қажет. Бұл талап 2025 жылы оңайлатылған режимде жұмыс істегендерге де, жалпыға бірдей салық режимін қолданған кәсіпкерлерге де қатысты.
Комитет өкілдері ескерткендей, белгіленген мерзімде хабарлама тапсырылмаса, 1 наурыздан бастап салық төлеуші автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу режиміне көшіріледі. Бұл режим 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады деп есептеледі.