Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне енгізілетін түзетулер жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба жобалық офис пен салалық жұмыс топтарының жұмысы нәтижесінде әзірленген. Түзетулер бизнес пен мемлекеттік органдардан түскен өтініштерді және жаңа кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін анықталған мәселелерді ескере отырып дайындалған.
Негізгі ұсыныстардың бірі — ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ҚҚС бойынша жеңілдікті кезең-кезеңімен қысқарту. Қосымша есепке алу мөлшері 80 пайыз деңгейінде белгіленіп, 2035 жылға қарай бұл тетікті толық алып тастау жоспарланып отыр.
Мұнайдың әлемдік бағасын салық есептеу үшін Brent бағасынан қазақстандық KEBCO сұрыбына берілетін жеңілдікті шегеру арқылы айқындау ұсынылады. Сондай-ақ жекелеген кен орындары үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығының төмендетілген мөлшерлемелерін қолданудың өтпелі кезеңін сақтап қалу көзделген. Бұған қоса, энергетикалық сусындардың экспортын акцизден босату шарттарын нақтылау ұсынылған.
Түзетулер әлеуметтік салықтық шегерімдерді қолдануға, орындалмаған міндеттемелер бойынша кірісті тануға және қаржылық қарыздар бойынша резидент еместердің табысын салық салуға да қатысты. Сонымен бірге электронды шот-фактураларды рәсімдеу мерзімі мен тәртібін, резидент емес үшін төленген ҚҚС-ты есепке алу ережелерін нақтылау және Қазақстан резиденттігі туралы сертификаттарды беруді қайта енгізу ұсынылып отыр.
Қоғамдық талқылау 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Өзгерістердің салыстырмалы кестесі «Ашық НҚА» порталында жарияланған.
Шілде айында үкімет Салық кодексіне 45 түзетуден тұратын пакет ұсынған еді. Оның ішінде цифрлық активтерден түсетін кірістерді жеке табыс салығынан босату, тауарларды таңбалауға арналған шегерімдер және инвестициялық жобаларды қолдау жөніндегі ұсыныстар болған.