weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Үкімет заң жобаларын әзірлеуге жасанды интеллектіні тартпақ

Қазақстан Үкіметі заң нормаларын әзірлеу үдерісіне жасанды интеллектіні енгізуді жоспарлап отыр. ЖИ заң жобасын дайындаудың толық циклін — бастапқы идеядан бастап оны іске асыру және кейінгі бақылауға дейін қамтитын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында 2025 жылға арналған заң жобалау жоспарының орындалуы мен 2026 жылға жоспарланған заң шығару жұмыстары жөнінде баяндама жасаған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді.

Үкімет заң жобаларын әзірлеуге жасанды интеллектіні тартпақ
Фото: Atr.kz

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда заң нормаларын әзірлеу үдерісін цифрландыру және мемлекеттік органдардағы бизнес-процестерді автоматтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Осы аяда заң жобаларын дайындауға арналған арнайы жасанды интеллект агентін іске қосу көзделуде. Ол нормативтік-құқықтық актіні әзірлеудің барлық кезеңінде — идеядан бастап қабылданғаннан кейінгі мониторингке дейін сүйемелдейді.

Сонымен қатар, өткен жылы заң шығару үдерісін жетілдіру, жоспарлау сапасын арттыру және мемлекеттік органдардың талдамалық-болжамдық әлеуетін күшейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылғаны айтылды.

Атап айтқанда, заңнамалық бастамаларды іске асырудағы пакет қағидатына қойылатын талаптар күшейтілді. Енді бұл талаптар тек Үкімет әзірлейтін заң жобаларына ғана емес, Парламент депутаттары ұсынатын заң жобалары мен түзетулерге де қолданылады. Заңнамалық өзгерістерді іске асыруға қажетті ведомстволық актілерді қатар әзірлеу барлық кезеңде міндетті талапқа айналды. Бұл тәсіл заң қабылданбай тұрып, ықтимал мәселелерді анықтауға және оларды алдын ала пысықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Президенттің дебюрократияландыру жөніндегі жарлығын іске асыру аясында заңнаманы артық регламенттеуден тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда жүргізілген ревизия нәтижесінде 25 заң қабылданып, тағы 10 заң жобасы Мәжілістің қарауында.

Әділет министрінің сөзінше, құқықтық реттеу деңгейлерінің нақты айқындалмауы заңдардың артық процедуралық нормалармен толып кетуіне және басқарушылық шешімдердің икемсіз болуына әкеледі. Осыған байланысты министрліктер заманауи, тұрақты әрі өзгерістерге бейімделе алатын заңнама моделін қалыптастыру тетіктерін әзірлеген. Бұл модель құқықтық реттеу деңгейлерін нақты ажыратуды және басқару дербестігі мен жеделдікті басымдық ретінде тануды көздейді.

Әділет министрлігі бұл жаңашылдықтардың іске асуын құқықтық сараптама және Үкімет қорытындыларының жобаларын қарау барысында тұрақты бақылап, талдап отырады.

Бұдан бөлек, биылдан бастап құқықтық мониторингті салалық жаңа форматта жүргізуге көшу қолға алынды. Бұрын мониторинг әрбір нормативтік-құқықтық акті бойынша жеке жүргізіліп, негізінен заң техникасына бағытталса, енді белгілі бір саланы реттейтін барлық деңгейдегі актілер кешенді түрде талданады. Бұл құқықтық реттеудің жалпы тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта заңнаманың 80 саласы талданып, нәтижесінде талдамалық және болжамдық құрамдастың айтарлықтай күшейгені анықталған.

Сонымен қатар, Заңнама және құқықтық ақпарат институтына мемлекеттік органдардың заң шығару қызметін ғылыми тұрғыдан сүйемелдейтін уәкілетті ұйым мәртебесі берілді. Бұл ғылыми сүйемелдеу міндетті сараптамалардың барлық түрін, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдауды, заңнаманың тиімділігін бағалауды және талдамалық материалдар әзірлеуді қамтиды.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→