Ақтауда Shai.academy командасының бастамасымен Маңғыстау облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жетекшілерімен кездесу өтті.
Іс-шараға колледж директорлары мен ақпараттық технологиялар бойынша жауапты орынбасарлар қатысты. Кездесудің басты мақсаты — білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, цифрлық трансформацияны жеделдету және заманауи талаптарға сай мамандар даярлау мәселелерін қарастыру болды.
Кездесу барысында Shai.pro компаниясының тең құрылтайшылары сараптамалық баяндамалар жасады.
Мағжан Икрам — Astana IT University және Maqsut Narikbayev University аға оқытушысы,
«Жасанды интеллекттің білім беру мен еңбек нарығына ықпалы» тақырыбында сөз сөйлеп, AI технологияларының оқу мазмұны мен форматтарына, сондай-ақ болашақ мамандықтарға әсерін жан-жақты түсіндірді.
Ал Ердәулет Абсаттар — Maqsut Narikbayev University жанындағы BBA in IT бағдарламасының жетекшісі,
«ЖИ экономикасына қажетті жаңа құзыреттер және кадр даярлау» тақырыбында баяндама жасап, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар мен білім беру бағдарламаларын жаңарту қажеттігін атап өтті.
Кездесу қорытындысында қатысушылар колледждерде AI құралдарын қолдану, оқытушылардың цифрлық біліктілігін арттыру және өңірлік IT-білім беруді дамыту жолдарын талқылады.