Polisia.kz мәліметінше, оқиға Қарағанды – Шідерті республикалық жолының 1007-шақырымында болған. Шымкенттен Ресейге қарай кетіп бара жатқан Van Hool маркалы автобустың дизельдік отыны қатып қалып, қозғалысы тоқтап қалған. Сол сәтте ауа температурасы –25°C-қа дейін төмендеген.
«Улан Мұзапаров пен Евгений Кротенко жағдайды бағалап, жолаушыларды қауіпсіз жерге көшірді. Барлығы Майөzek ауылындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Қазір олардың өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Сонымен қатар полицейлер жолға ескерту белгілерін қойып, осындай жағдайдың алдын алу үшін тиісті қызметтерге ақпарат берді», — деді облыстық ПД өкілдері.
Құзырлы органдар жүргізушілерге қыста ұзақ жолға шығар алдында ауа райын ескеріп, көліктің техникалық жай-күйін мұқият тексеруге кеңес береді.
«Қазгидромет» 11 желтоқсанға еліміздің көп аймағында дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, қар жауып, жел күшейіп, тұман түседі. Батыс, оңтүстік және шығыс өңірлерде боран соғады. Оңтүстік пен батыста – көктайғақ, оңтүстік-батыста – қалың қар күтіледі.
«ҚазАвтоЖол» Жамбыл, Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарында бірқатар бағыттардың жабылғанын хабарлады.