Істі облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот қарады. Материалдарға сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінде жасөспірім мен оның танысы электронды сигаретке байланысты жанжалдасып қалған. Шиеленіс кезінде айыпталушы қарсыласын кеудесінен пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Жарақат алған жасөспірім сол жерде көз жұмды.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Прокурор оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Қаза болған баланың анасы да заң аясында әділ жаза беруді өтінген.
Соттың түсіндіруінше, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі бойынша жаза 15–20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды қарастырады. Алайда айыпталушы кәмелетке толмағандықтан, заң бойынша ең жоғары жаза 10 жылдан аспауы тиіс, ал ауырлататын жағдайлар болғанда — 12 жыл.
«Жасөспірімнің жасы жеңілдететін мән-жай ретінде танылды, ал ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Осыған байланысты жазаның ең жоғары мөлшерінің 3/4 бөлігінен аспау керек. 12 жылдың 3/4 бөлігі — 9 жыл. Сондықтан сот айыпталушыға 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.