Не болған?
Іс материалдарына сәйкес, ер адам 2019 жылдан 2025 жылға дейін өзінің үш өгей баласын жүйелі түрде қорлап, ауыр жағдайда ұстаған. Қазіргі уақытта олардың екеуі 17 жаста, ал кенжесі биыл ғана 10 жасқа толған. Биыл ол да ағалары сияқты жұмысқа жегілген.
Соттың мәліметінше, өгей әке балаларды қоғамнан оқшаулап, оларды шаруа қожалығы аумағында ұстаған. Оқуларына баруына, дамуына кедергі келтірген, мәжбүрлі еңбекке салған және тамағын шектеген. Балалардың еңбегінен түскен табысты ол жеке мүддесіне пайдаланған.
Сот ер адамды ҚР ҚК «Азаптау» бабымен кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Істе жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Үкім әлі күшіне енген жоқ.
«Балалар құлдықта» — әлеуметтік желідегі шу
Бұл отбасы Жамбыл облысының Қаратау қаласына жақын маңда тұрды. Биыл тамызда желіде тараған видеода жасөспірімдер мал бағып жүріп, өздерін «құлдықта ұстап отыр» деп шағымданған. Осы оқиғадан кейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева олардың бірнеше жыл бойы өгей әкесінен зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді. Балалар Тараздағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды.
ҚР ҚК 110-бабы («Азаптау») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам ұсталып, кейін үй қамауына жіберілген. Бұл жағдай қоғамда наразылық туғызған соң, тергеу барысын ІІМ басшысы жеке бақылауына алған.