Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткізілген «Астана – есірткісіз қала» акциясы студенттерге арналған ірі ақпараттық-профилактикалық шаралардың бірі болды. Акция жастарды дұрыс таңдау жасауға, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және зиянды әдеттердің алдын алуға шақыруды мақсат етті.
Шара барысында студенттер танымал спортшылар мен қоғам қайраткерлерімен ашық пікір алмасып, мотивациялық әңгімелер тыңдады. Қатысушылар қатарында кәсіби боксшы Ангелина Лукас, боец және қоғам белсендісі Василий Тахтай, ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Илья Ильин, контент-мейкер әрі қоғамдық тұлға Әлібек Ермағамбетов және халықаралық дәрежедегі спорт шебері, киокушинкай мен каратэ бойынша маман Нұрсұлтан Әлиақбаров болды.

Акцияда медицина мамандарының түсіндіру жұмыстары ерекше орын алды. Қалалық психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігерлері Р. Молдахметова мен Н. Омарова есірткінің ағзаға зияны, тәуелділіктің белгілері және оның алдын алу жолдары туралы қысқаша дәріс оқып, жастардың ерте хабардар болуының маңызын атап өтті.

Сонымен бірге, студенттер алдында арнайы жедел әрекет ету жасағы – СОБР қызметкерлері кәсіби дайындық элементтерін көрсетіп, өз жұмысының ерекшеліктерімен бөлісті. Кинологиялық орталықтың мамандары қызметтік-іздестіру иттерінің мүмкіндіктерін таныстырып, олардың есірткі заттарын анықтаудағы рөлін көрсетті.

Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының өкілі, полиция подполковнигі Д. Байбазаров студенттер арасында интерактивті сауалнама жүргізіп, қатысушылардың заңнамалық білім деңгейін бағалады.
Шара соңында спикерлерге жастар арасында есірткінің алдын алуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды. Акция студенттердің саналы көзқарасын қалыптастыруға және қауіпсіз, белсенді азаматтық ұстанымды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.