Еnergyprom.kz дерегінше, 123,5% индекс — ел бойынша әуе билеттерінің орташа қымбаттау деңгейі. Көптеген өңірде баға шамамен 20% көлемінде өскен. Алайда бұдан ерекше өңірлер де бар. Батыс Қазақстанда — Атырау және Маңғыстау облыстарында — қымбаттау 44%-дан асып түсті. Бұл — 2024 жылдың қазан айымен салыстырғанда жарты есе көп. Ал жалғыз арзандау тіркелген өңір — Абай облысы. Мұнда әуе билеттері керісінше 7,5%-ға төмендеген.
Ірі әуе компаниялары билеттердің қымбаттауы туралы өз сайттарында ешқандай ақпарат жариялаған жоқ. Сол себепті оның себептері де түсіндірілмеген. Пресс-релиздерде тек халықаралық бағыттардың кеңейтіліп жатқаны, әуе паркінің ұлғайғаны және қызмет сапасының көтерілгені айтылады. Бұл жанама түрде әуе компанияларының шығындары артқанын көрсетеді.
Билеттердің қымбаттайтыны туралы айтылған жалғыз ресми пікір — вице-премьер Роман Склярдың жаз айындағы мәлімдемесі. Ол бағаның өсуін бірнеше фактормен түсіндірген: жаңартылған ҚҚС мөлшері, қосалқы бөлшектердің, ұшақтардың, авиациялық керосиннің және басқа да шығындардың қымбаттауы. Дегенмен ол нақты пайызды атамады, тек «бұл өсім алғаш көрінгендей тым жоғары болмайды» деп атап өткен.
Ұлттық статистика бюросы жинаған деректер елдегі әуе тасымалының жалпы даму қарқынын көрсетеді. Әуе компаниялары жұмысын кеңейтіп келеді: жолаушылар ағыны өсуде, түсім көлемі артуда. Мәселен, өткен жылы тасымалданған жолаушылар саны 8,6%-ға көбейді, ал 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында тағы 6,1%-ға ұлғайды. Он айда әуе компаниялары 13,1 млн адамға қызмет көрсеткен. Биылғы жылдың он айындағы жолаушы және жүк тасымалынан түскен табыс 756,7 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1% жоғары болды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 15,7%-ға өскен еді.
Түсімнің бағыттар бойынша бөлінуі де маңызды. Өткен жылы ішкі рейстерден түскен табыс халықаралық бағыттарға қарағанда айтарлықтай жоғары қарқынмен артқан. 2024 жылы Қазақстан ішіндегі жолаушы тасымалы 319,1 млрд теңге болып, 2023 жылмен салыстырғанда 23,1%-ға көбейген. Ал халықаралық рейстер бойынша өсім 11% ғана болып, 515,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл айырмашылықтағы негізгі фактор — ішкі жолаушылар ағынының белсендірек артуы.
Ішкі рейстердегі билет бағасы бірнеше рет Парламент пен Үкімет деңгейінде талқыланған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БӘСДА) да бұл мәселеге назар аударған. Мәселен, өткен жылдың соңында агенттік FlyArystan билет құнын бағалау бойынша тексеру жүргізген. Нәтижесінде, компания билет бағасын брондау кезінде әртүрлі кезеңде автоматты түрде қосылатын жасырын төлемдер арқылы көтеріп отырғаны анықталды. Мұндай «тамшылатып баға қою» тәсілі әуе компаниясының үстем жағдайын теріс пайдалануға жатады деп танылған. Компанияға бұзушылықты жою туралы нұсқама беріліп, ол орындалған. Биыл көктемнен бастап АЗРК ішкі әуе тасымалдау жүйесіне қатысты монополияға қарсы талдау жүргізіп жатыр, алайда нәтижелер әлі жарияланған жоқ.